МІНДЕТ пен ҚҰРМЕТ
Кеңес Абдуллинді облыс өңірінде білмейтіндер кемде-кем десек, бұл артық айтқандық емес. Ол үш ауданда басшылық қызметтерде болды, халықпен етене араласып, қызмет жасады. Ол үшін сол үш өңір – өзіндік мектеп.
Жігерлі еңбек еткен, комсомол мектебінен өткен, өзі аудан жастарына жетекшілік жасаған Мұғалжарды Кеңес аға үлкен өмір жолындағы тәрбие алған мекенім деп бағалайды. Шынында, ол осында қанаттанды. Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі 1971 жылы «Жаңажол» кеңшарында экономист болып еңбек жолын бастады. Қатардағы есеп-қисап қызметкері ауылдың рухани тірлігін жандандыруға белсене кірісіп кетті, әсіресе, жастарды жақсы істерге тартуға жол таба білді. Оның мұндай ұйымдастырушылық қабілетін таныған аудан басшылығы жастар жетекшілігіне ұсынды. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы бола жүріп, Жағыпар Әміров, Қуандық Әлішев, Бердіғали Әйтпембетов секілді ағалардың үлгісін ұстануға ұмтылды. Оның бер жағында Мырзабай Құлшаров, Мұса Боранбаев, Абдол Сансызбаев, Әлмұхан Нұржанов сынды шаруашылық ісін басқарған шын мәніндегі ел ағаларының әрбір қимылы мен сөз саптауындағы ерекше инабаттылық, жігерлілік, көшбастаушылық қасиеттері, сөз жоқ, жақсы әсерін тигізді.
Өзінің алға ұстанған бағытынан ауытқымайтын, көздеген межесінен көрінбей тынбайтын шаруашылық басшысы Совет Тайымов қандай адам еді. Ол жан-жақтан жасалған түрлі қарсылықтарға, кедергілерге қарамастан, «Жаңажол» кеңшарында суармалы егіс ұстанымын жүзеге асырды. Мол өнім қолға тигенде барып оның алашапқын болып, талай бастан өткерген жанкешті тірлігінің дұрыстығы мойындалған-ды.
1985 жылы облысқа басшы болып келген Юрий Трофимов Мұғалжарға сапарында облыстағы жалғыз шаруашылық басқаратын әйел адамның астында «Волга» көлігі болуы керек деп тұжырым жасағанда, Ағлен Құрманғалиеваның ол кісіге «соның орнына Қаракөлден тұщы су көзін аштырып, халық игілігіне беруге көмектессеңіз» деп тілек айтуы да Кеңес аға үшін күнгейлі бір көрініс болып қалғаны ақиқат.
Міне, Кеңес Асанұлы өзінің қалыптасу, өмірлік ұстанымын бекіту жолында осындай ортада болғандығын, белгілі бір дәрежеде басшы бола жүріп, сондай ағалардан үйренгенін қазірде мақтанышпен айтады.
Ал Қарабұтақ ауданы өзінің қарым-қабілетін көрсету, таныту баспалдағы іспетті еді. Ол 1986 жылы сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, ақ батасымен аудандық атқару комитетінің төрағалығы қызметіне келді. Жасыратын несі бар, сол уақытта қоғамдағы бір дерт – аупарткомның бірінші хатшысы мен ауатком төрағасы арасында іштей тартыс, билікке таласу секілді көзге көрінбейтін күрестер кейде ушығу деңгейіне дейін көтеріліп жүріп жататын. Бірақ, Кеңекең мұндай нәрсеге әуелден мән бермейтін әдетімен алдыға қойылған бір мақсат жолында еңбек етуге — өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты жүйелі жоспарлар жасап, нақты шаруалар тындыруға кірісті. Сол жылдары бұрын шаруашылық есепте учаске ретінде жұмыс істеп келген мекеме жылжымалы механикаландырылған колоннаға ірілендірілді. Бірнеше жыл проблема болып келген бір мәселе оңтайлы шешілді – Ақкөл орта мектебі құрылысы жүргізіліп, оқушылар мен ата-аналар ерекше қуанышқа бөленді. Басқалай да аудан үшін маңызды бірқатар тірліктер жасалды.
Сол жылдары демократияның лебі есіп тұрған еді. Соның нәтижесінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын сайлау баламалы негізде жүргізілді. Оған қызмет істеп тұрған басшыдан бастап, өзге де үміткерлер қатысты. Кеңестің сайысқа түсуіне облыстық партия комитеті мүдделілік білдірді. Жасырын жабық дауыс беру нәтижесінде аудан коммунистері оның кандидатурасын қолдап шықты.
Осылайша оған дербес басшылықта еңбек ету мүмкіндігі туды. Жауапкершілік жүгі соншалықты ауыр болатын. Бірақ сол кезде қанаттас еңбек еткен Радик Көптілеуов, Қауіпбай Жанбауов, Серік Ботағарин секілді азаматтардың қолдауы мен тізе қоса жүруі көп шаруаны жеңілдетті.
Кеңес Асанұлы 1992 жылы Шалқар ауданын басқаруға жіберілді. «Бұл өңірдегі кезең мен үшін өмір мектебі, үлкен академия болды» деп бүгінде ол ағынан ақтарылады. Біраз басқару тәжірибесі, білім-білігі болғанымен, осы жылдар жалпы елдегі қиын да өтпелі кезеңмен сәйкес келді. Сондықтан талай тұйықтан жол тауып шығу, елдің бірлігін орнықтыру міндеттерін орындауына тура келді. Экономикалық-әлеуметтік бағыттарды қолға ала отырып, жергілікті халықтың рухани жымдасуын, ертеңгі күнге сенімін бекемдеу қажет болды. Сол тұрғыда батыр бабалар, халық шайырлары мен билерінің есімін ардақтау, осы ретпен елдікті, ерлікті дәріптеу шаралары жүзеге асырылды. Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, батыр Есет Көтібарұлына құрмет көрсетуден басталған игі істер жалғасын тапты, ең бастысы, осының бәрі халықтың қолдауына ие болды.
Өмір үнемі қозғалыста, тіршілік бір орында тұрмайды. Міне, кейінгі он төрт жыл бойы ол «Ақтөбе гидрометеорология орталығы» мекемесін басқарып келеді. 21 метеорологиялық стансасы, 19 гидрологиялық, 7 агрометеорологиялық постылары бар ұжымда екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Олардың арасында өз ісіне маманданған жергілікті кадрлар да жеткілікті. Айгүл Сайымова, Радик Ермұхамбетов, Жанна Асқарова, Жасқайрат Бақытжанов, Қуандық Төлебаев, Елена Благодарь секілді мамандар қиын да күрделі тірліктің тетігін жетік меңгерген жандар.
… Бір кездері Жағабұлақтан басталған жол уақыт өткен сайын арнасын кеңейтіп, жалғасып келеді. Кеңес аға сол жол үстінде талай жақсылармен жүздескенін өзінің ерекше бір олжасы ретінде бағалайды.
Ұстаның баласы
Оның әкесі кезінде колхоз басқарған, ауыл шаруашылығының түрлі салаларына жетекшілік жасаған. Соған қарамастан, Батпақкөл өңірінде оның ұста атағы айрықша аталады екен.
Бойға біткен сол шеберліктің шығар дерті, Асан ақсақал уақытында әлгіндей ауылдағы бірсыпыра лауазымды қызметтерді атқарғанымен де, зейнет демалысына шығар тұста құрылысшы-шебер болып еңбек етіпті. Қолының ісмерлігі бәрібір өзі қалаған, бүйрегі бұрып тұратын кәсіпке қарай жетелей берген сияқты.
Жастау кезінде әкесі бірге туған інісіне: «Әй, Нағыман, қалай болғанда да менен асқан шебер болмассың» деп әзілдеп отырады екен.
Жастау кезінде ауыл-аймақтың қақырап қалған қазан-шелегін, тесілген шәйнегін, аузы ұшып кеткен аққұманын бүтіндеп, талай әйел баласының алғысын алған Асан тіпті ашаршылық жылдарында бүтін әулетті сол кәсібімен нәсіп қылып, алғы күнге аман алып шыққанға да ұқсайды.
Бертініректе ауылдағы көлікке жегіліп, шөп шабатын шалғылардың шатундары талай рет ұста қолынан қалпын тауып, пайдаға жарап жатты. Айыр-күректің, кетпен-орақтың не бір түрі қисыны кетіп келіп, су жаңа күйінде иелерінің қолына қайтарылатын.
Балалардың балық аулайтын шанышқысы талай үйге тарап кеткені де рас.
«Шебердің қолы ортақ». Ауылдастары Асанды осы шаруаның бәрін істеуге міндетті деп ұғынатын. Бұл кісіде де міндетті емеспін деп жалтарған сәт болмағанға ұқсайды.
Қазақта нағыз шеберліктің шыңы әдетте үй басуға келіп тіреледі. Бұл шаруа енді кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Уақытында Асан ұстаға арнайы келіп, қалауын жасап, киіз үй бастырушылар аз болмаған. Мұндай үйге тапсырыс берушілер, әсіресе, Асекеңнің әлді деген бір адам күшіне ыңғайлап, баппен көтеретін салмақты шаңырағына қызығушылық танытады екен. Шамасы, шаңырақ берік болса, керегенің қисаймайтынын қазекең ертеден-ақ білген ғой.
Кеңекең әкесіндей қолы ұсынақты шебер болдым деп айта алмайды. Бірақ өзі алға қойған мақсатына жету жолында тап-тұйнақтай тірлік жасауға, қандай істі қолға алса да шебердің қолынан шыққандай шымыр атқаруға дағдыланғаны әке үлгісінен тарағандығы айқын.
Ұстаздар үлгісі
Кеңес аға өзі тәлім-тәрбие алған ұстаздары туралы ерекше мақтаныш сезімімен айтады. Кішкентай кезінде көрші тұрған Ғұбайдулла-Дәметкен есімді қос мұғалім оны күнде үйлеріне алып кетіп, тілін қызықтап, ойнатып, орталарына алып отырғанды ұнатады екен. Өздерінде сәби болмағасын ба, бұған деген ынта-ықыластары ерекше болыпты. «Менің тілімді шығарған солар» деп сол бір өзі үшін аяулы жандарды әлі күнге дейін еске алып отырады.
Осы бір жағдайлар әсер етті ме екен, ол бес жасында алдындағы апасына ілесіп, мектепке де барған.
Алғашқы мұғалім Нағира Асанова апайының мейірімді жүзі шәкірт баланың жүрегіне жылы шуағын септі. Оның үстіне сол ұстазының жұбайы, Мұғалжар өңірінде Тұрмағамбетов капитан деген айбарлы атымен танымал майдангер Өтеген кезінде ауданнан өкіл болып келіп жүріп, шілдеханаға қатысқан, Кеңес деген есімді қойған екен.
Қойшығұл Мұқашев, Шылау Теміров, Жалғасбай Бердімағамбетов, Ғайнидин Өтешов, Суният Молдашев, Қамила Иманалина, Гүлжамал Зарлықова, Мәрия Есенова — Кеңекең өзі үшін соншалықты қадірлі адамдарды осылай атай беруге бар. Бұл күндері бірсыпырасы өмірден өткен сол ұлағат иелері талай шәкірттерінің алғысына бөленіп-ақ жүрген шығар.
Ол кезде ауылдардың көбісінде бастауыш мектептер болды да, ата-анасы Кеңесті бесінші кластан бастап облыс орталығындағы мектеп-интернатқа беруді ұйғарды. Бұл жағдай оның өміріне көп өзгеріс әкелгені анық. Ең алдымен бұрын ауыл маңайынан ұзап шықпаған ұяң бала қала өмірін көрді, қызу тірлікке араласты. Күн сайын дерлік өткізілетін әртүрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысуға мүмкіндік туды. Сөйтіп жүріп өзі Байназар Қоңырбасов ағайының жетекшілігімен өнерге қарай бейімделе бастағанын да білмей қалды. Ұстазының баулуымен үрлемелі аспаптар оркестрінде жаттығып, сахнаға шыға бастады. Сол кездері «Теміртау жастарының әнін» топ болып жігерлендіре айтатындары жадында.
Мектеп-интернатта алты жыл тәрбиешісі болған Тәрбие Әділова, сондай-ақ Торғай Сафина, Қансұлу Мыңсейітова сынды ондаған ұстаздары әлі күнге дейін көңілінің төрінде.
Өмір өлшемі
Әдетте көп үлгі отбасынан басталады. Олардың шаңырағында екі әже болды. Кеңестің өз әжесі Таңсұлу мен нағашы әжесі Шоқырдың бір-бірінен бөлектігін ешкім сезінбейтін. Балалардың анасы Дыбыс қос кейуананың бабын таба білді. Ол сөйтіп жүріп, сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Шаңырақтағы ұйыған шуақты сәттер осында тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қаққан ұрпақтарға да берілгендей.
Бүгінде Кеңес аға жары Ғалия ханыммен бірге Ақнұр, Мейірбек, Ақнар, Ақжеңіс атты бүлдіршіндерінің алдын ұядан ұшырып, немере қызығын көруде.
Өмір өлшемі татулық пен бірлікте, жан жарастығында деп ұғынатын Кеңес аға өзінің алпыс атты асуына осындай көңіл күйде келіп отыр.
…Көпшілік тамаша композитор Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін сахнадан да, теледидар арқылы да үзбей тыңдап жүр. Талай орындаушылар тамылжыта айтады. Ал солардың қай-қайсысымен салыстырғанда да бұл ән Кеңес Асанұлының орындауында ерекше құлпырып көрінеді. Алғаш рет тыңдағандар бұрын аудан басқарған әкімнің, қазіргі облыстық білдей бір мекеме басшысының кәдімгі кәсіби әншілер секілді кең тыныспен, соншама әсерлі етіп ән шырқауын бірден санасына сіңіре алмауы да мүмкін. Ал шынында солай.
Өнерді өнегелі өмірдің мәніне балайтын, сырлы әуендерден тіршілік сазын ұғынатын Кеңес Асанұлы әнебір жылдары Шалқар ауданына әкім болып барғанында күнделікті шаруа арасында көміліп қалмай, рухани өрістің де ау-жайына көңіл бөле отырған. Бір кездері Қорғантұз орта мектебінде физика пәнінен сабақ беріп жүріп, республика көлемінде жүзден жүйрік шыққан бүтін бір оркестрді даярлап шығарған, сол тұста үлкендіктің ауылына аяқ басып қалған Әубәкір Сүйеуовті іздеп тауып алып, ілтипат білдіргені осы сәтке куә болғандардың ерекше құрмет сезімін тудырды.
Ал Кеңес Асанұлы шын мәнінде мұндай құрметтерге лайық адам.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.